Жаңалықтар

Қазақстан және әлемдегі соңғы жаңалықтар

12:00, 25 қараша 2019   331

Білім және ғылым министрлігі еліміздің жоғары оқу орындарын тексеруде. Қазірге дейін бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университет тексерілді. Олардың 5-інде бұған дейінгі ескертулер жойылмағандықтан, университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылды, деп хабарлайды Zakon.kz. Сондай-ақ, 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Министрдің айтуынша, бүгінде көп бейінді университеттің барлығы мұғалімдерді даярлайды. Алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді, ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін.

***

Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі. Орталық директоры Р.Әлімқұловқа қатысты пара алды деген күдікпен жүргізілген сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Ол қонақ үй қызметін көрсету бойынша шарттарды бұзбағаны, орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойғаны, жүгенсіздікке жол бергені және жалпы қамқорлығы үшін 5 млн теңге сомасында пара алды деп күдікке ілінген еді. Сот Әлімқұловты 3,5 жыл бас бостандығынан айырды.

***

Қазақстанда тұрғын үйді қаржыландыру саласында гендерлік тепе-теңдікті нығайту жөніндегі жоба іске қосылады. Осы мақсатта Азия даму банкі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 38 млрд теңге көлемінде займ бөледі. Кредит жаңа және қолданыстағы үйлерден пәтер сатып алу мақсатында беріледі. Несиенің ең жоғары сомасы 30 млн теңге. Оны алу үшін 200 мыңнан төмен табысы бар әйелдер бастапқы жарна ретінде кемінде 15%-ды, ал табысы 200 мыңнан жоғары болса 20%-ды жинауы тиіс.

***

Венгрия жоғары оқу орындары қазақстандық студенттерге 250 грант бөледі. Бұл туралы еліміздегі Венгрия елшілігі хабарлады. Венгриялық «Темпус» қоғамдық қоры 2020-2021 оқу жылына арналған стипендиялық бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарында оқуға өтінімдер қабылдауда. Өтінім беру шарттары туралы барлық қажетті ақпаратты елшіліктен білуге болады. Құжат қабылдау   2020 жылдың 15 қаңтарына дейін жалғасады. Үміткерлер екі ай уақыт ішінде қажет құжаттарды электронды түрде тапсыруы тиіс.

***

Дэвис кубогының жеңімпазы анықталды. Испаниялықтар финалда Канада құрамасын жеңді, деп хабарлайды Prosports.kz. Денис Шаповаловты 2:0 есебімен ұтқан Рафаэль Надаль кездесуге нүкте қойды. Осылайша Испания құрамасы теннис тарихында Дэвис кубогына алтыншы рет қол жеткізіп отыр. Олар аталған турнирді ең соңғы рет 2011 жылы жеңіп алған.

https://astana.fm/ru/archive/programs/adebi-sazdy/zhanalyqtar/1049904