Жаңалықтар

Қазақстан және әлемдегі соңғы жаңалықтар

16:00, 25 қараша 2019   349

Қарашаның 27-і күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз еліне мемлекеттік іс-сапармен барады. Келіссөздер барысында екі ел басшылары Қазақстан мен Қырғыз елі арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылайды және кездесу қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қояды деп жоспарлануда. 28 қарашада Мемлекет басшысы Бішкек қаласында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады. Іс-шаралардың күн тәртібінде Ұйым жұмысы аясындағы өзара іс-қимылдарға қатысты көптеген мәселелер қарастырылады деп жоспарланған.

***

Білім және ғылым министрлігі бес жоғарғы оқу орнының лицензиясын уақытша тоқтатты. Бұған қайта тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар себеп болған. Бұл туралы ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов хабарлады. "Бүгінгі таңда бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университет тексерілді. Олардың бесеуінде бұған дейінгі ескертулер жойылмағандықтан, бес университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылды", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында. 

Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, бір университет бойынша іс сотқа жіберілгенін айтты. Сонымен қатар оның сөзінше Жоғары оқу орындарына қойылатын біліктілік талаптары да күшейтілуде. "Бүгінде көп бейінді университеттің барлығы мұғалімдерді даярлайды. Алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын жоғарғы оқу орны санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр", - деп жазады Sputnik.kz білім министріне сілтеме жасап.

***

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова балалар «Junior Eurovision -2019» ән байқауында 2-орын алған жас әнші Ержан Максимді құттықтады. «Сіз Польшада өткен Junior Eurovision халықаралық ән байқауындағы жарқын өнеріңізбен кезекті рет асқақ арманға деген құлшынысы зор дарынды, еңбекқор әнші екеніңізді паш еттіңіз. Расында, сіздің орындауыңыздағы әсем ән әлем халықтарының қазақ мәдениетімен таныса түсуге деген құштарлығын оятқаны сөзсіз. Алдағы уақытта да жаһандық байқауларда сәтті өнер көрсетіп, жарқын жетістіктеріңізбен ел мерейін үстем ете беріңіз!», - деп жазылған министрдің құттықтауында. Естеріңізге сала кетейік, Ержан Максим қазылардың берген бағасы бойынша бірінші орын алды. Ал онлайн дауыс беру қорытындысымен 79 ұпай жинады. Осылайша, жас әнші жалпы 227 ұпаймен екінші орынға жайғасты.

***

Елордада маусымдық мұз айдындары ашыла бастады. Алғашқысы Үркер елдімекенінде ашылды. Онда хоккей корты салынып, мұз айдыны құйылды. Мұнда балалар тек хоккей ойнап қана қоймай, конькимен де сырғанай алады. Көктемде хоккей корты футбол алаңына айналады. Сондай-ақ, балалар алаңы аумағында жаттығу құрылғысы, workout аймағы бар. Әрбір осындай кешен инклюзия элементтерімен қамтылған – ерекше қажеттіліктері бар балалар да осы алаңдарда ойнай алады, деп жазады Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

https://astana.fm/ru/archive/programs/adebi-sazdy/zhanalyqtar/1049915