Елордада Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қалай тойланады?

18:29, 6 мамыр 2019   300

Елордада Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеуге қызу дайындық жүріп жатыр. Ресми іс-шаралар 7 мамырда басталады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

7, 8 және 9 мамырда қала тұрғындары және қонақтарына арналған мерекелік іс-шаралар ашық алаңдарда, концерт залдарында және театрларда өтеді. Отан қорғаушылар күнінің құрметіне 7 мамырда қала алаңында (әкімдіктің алдында, Бейбітшілік көшесі, 11) қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Мереке 17:00-де басталып, 22:00-ге дейін жалғасады. Көрермендер алдында Мәдина Сәдуақасова, Бейбіт Кушқалиев, Ayree, «Заман» тобы, «3038» тобы, Raim және Артур өнер көрсетеді. Кеш жүргізушілері - Азат Әбікен және Олжас Рымбаев.

Жеңіс күнін тойлауға арналған іс-шаралар 8 және 9 мамырда өтеді. 8 мамырда сағат 10:00-11:00-де соғыста қаза тапқан ақмолалық жауынгерлердің зиратына Даңқ гүл тізбегі қойылады. Ал, сағат 17:00-де Жеңіс күніне арналған «Отан деп соққан жүрегі» мерекелік концерті өтеді.          

9 мамырда сағат 11:00-де «Отан қорғаушылар» монументіне Даңқ гүл тізбегін қою рәсімі өтеді.

9 мамырда сағат 12:30-да «Жаужүрек полк» шеруі өтеді. Шараға қатысушылар Тәуелсіздің даңғылы арқылы «Қазақ елі» монументінен «Отан қорғаушылар» монументіне жейін жүріп өтеді. Осы күні Жеңіс күніне арналған «Мы помним, мы дорожим!» автошеруі өтеді. Мерекелік іс-шараларды Есіл өзенінің жағасында сағат 23:00-де болатын отшашу аяқтайды.